«Оқырманы қисапсыз жазушы» деген айдардың Қазақстандық кітаптары қатарында Д. Досжанның «Терезенің жарығы» атты таңдамалы әңгімелер жинағы пайда болды.
Дүкенбай Досжан Мемлекеттік сыйлықтың (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987), Түркістан қаласының, әрі бірнеше ауданның Құрметті азаматы, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері.
Алғашқы әңгімесі 15 жасында жарық көрген. Жарты ғасырлық шығармашылық ізденістен 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме туғызды.
«Зауал» («Трудный шаг») романы үшін 1974 жылы «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын, «Жібек жолы» («Шелковый путь») романы үшін 1988 жылы «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын иеленді.
Дүкенбайдың төлбасы шығармалары – «Отырар», «Фараби» атты тарихи хикаяттар. Университет қабырғасынан шығар-шықпаста жазды, оқырман қауымды «қазақ та қала салған, қаласында дегдар даңғылдар болған екен-ау» дегізіп елең еткізді. Ең әуелі жас жазушының сол дәуірдің қалыбын, бояуын тап басып тани білгені; бағзылардың реніш-қуанышын нанымды суреттегені; сөз саптауын, сөйлеу ырғағын, тіршілік базарын айнадан көріп тұрғандай құп елестеткені; кейіпкердің мінез-құбылысын «құйып келтіргені» сүйсінтті. Кейіпкерінің тынысымен тыныстап, жүрек бүлкілін тамыршыдай тап басып танығаны ерекше еді.
Дүкенбай Досжан дүниені суретпен, ешкімге ұқсамайтын бояу-белгімен көреді, көркем сөзбен сурет салады. Мистика сарынына жиі жүгінеді, ой ағынымен жазады, кейіпкердің жан әлемін сөйлетуге машық.
Жазушы қаламынан туған кейіпкерлер: Қыдырма, Шортанбай, Ошақбай, Асанәлі, Тойболды, Яғымус, Оразалы – осы сөзіміздің дәлелі. Мәңгі ұйқыда жатқан бабалардың ауыр мұңын жан дүниесімен сезіну... ет жүрегімен езілу... фәнилік пен бақилықтың шекарасына терең толғанып «көз жіберу...» – қасиетті көркем сөз қонған қаламгерге, ілкі сөз иелерінен қалған көне жұрнаққа ғана тән мінез екеніне көз жеткіземіз!
Сөз – сиқыр. Сөйлеу – өнер. Жазушылық – ұлы уәйім, шер тарқату. Сол уәйім, сол шер жазушының жүрегінен тепсініп шыққан тас кәусардай көп әңгімеден көрініс табады.
Уақыт сынынан өткен жазушы әңгімелерінің бір шоғыры қолыңызда. Терең пайым, құнарлы тіл арқылы қазақы болмыстың әр қиырынан «сәуле түсіріп» – ұлтымыздың өзгеден бөлекше мінез-құпиясын ашады. Дүние тіршілігінің адам көкірегіндегі көркем шындығын іздейді. Мінез табиғатының жүрек бүлкіліндегі – сағыныш, мұң, уайым, өкініш, жабығу һәм ширығу секілді жан толғанысының түп-тамырын ашуымен қызықты. Автор дүниені суретпен көреді, көркем бояумен береді.
Шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылып, 3,7 миллион таралыммен басылып шыққан.